Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Naiza News.
Кезекті сот отырысында шабуылға кездейсоқ куә болған әйелден жауап алынды. Сондай-ақ марқұмның ағалары да жауап берді. Іс бойынша 28 жастағы Ш. А. айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Оған үш бап бойынша айып тағылған: аса қатыгездікпен кісі өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг.
Жауап алу басталар алдында куәгер соттан айыпталушыны залдан шығаруды сұрады. Әйел одан қатты қорқатынын айтты. Сот оның өтінішін қанағаттандырды.
Куәгердің айтуынша, 11 қаңтар күні шамамен 18:10–18:15 кезінде жұмыстан қайтып келе жатқан. Жолда дүкенге кіріп, кейін үйлердің жанынан өтіп бара жатқанда қыздың қатты айғайлаған дауысын естіген.
«Аулаға кіретін жерге жақындай бергенде айғай тағы қайталанды. Біреуді ұрып жатыр деген ой келді», — деді ол сотта.
Одан әрі куәгердің жауабына сәйкес, оның жанынан жас жігіт жүгіріп өткен. Әйел күдіктеніп, оған полиция шақыратынын айтқан. Осыдан кейін ол кері бұрылып, қайта жүгірген.
«Сол кезде жерде жатқан қызды көрдім. Жас жігіт оның жанына қайта келіп, пышақ шығарды. Шамасы, күртесінің қалтасынан алған сияқты. Сосын оны екі немесе үш рет пышақпен ұрды», — деді куәгер.
Ол қатты қорқып, бірнеше секундқа қозғала алмай қалғанын, содан кейін бұрылып, үйіне қарай жүгіріп кеткенін айтты.
Сотта Нұрай Серікбайдың ағалары да жауап берді. Ағаларының бірі Дінмұхамед Серікбай айыпталушыны алғаш рет 2025 жылдың шілдесінде туыстарының тойында көргенін айтты. Сол кезде ер адамның Нұрайға қадала қарап тұрғаны оның есінде қалған.
Кейін, тамыз айында Нұрай үйге гүл шоғын алып келген. Ағасының сұрағына ол өзіне көңіл білдіріп жүрген жігіт бар екенін айтқан. Дінмұхамедтің сөзінше, отбасы ол туралы таныстары арқылы сұрастырып, кейін ер адам туралы теріс пікір қалыптастырған.
Ағасы Нұрай мен айыпталушының арасында романтикалық қарым-қатынас болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қыз оны тек танысы ретінде қабылдаған және сирек кездесулерге сыпайылық үшін ғана келіскен.
Нұрайдың тағы бір ағасы Сұлтан Серікбай отбасы қыздың ұрлануымен байланыстыратын оқиға туралы айтты. Оның сөзінше, 5 қазан күні кешке оған туысы хабарласып, Нұрайды ұрлап кеткен болуы мүмкін екенін жеткізген.
Осыдан кейін Сұлтан немере ағасымен бірге айыпталушының үйіне барған. Олар келген кезде үйдің маңында шамамен 50 адам жиналып тұрған.
«Мен адамдардың арасынан өтіп, Нұрай отырған бөлмеге кірдім. Жанына барып, бұл жерде өз еркімен отыр ма деп сұрадым. Ол жылап: “Сұлтан, мен сені күттім. Мен қорқып тұрмын. Мен мұнда өз еркіммен отырған жоқпын! Мені алып кетіңдер”, — деді», — деп айтты ол сотта.
Туыстарының айтуынша, осы оқиғадан кейін қыз үнемі қорқынышпен өмір сүрген. Нұрай айыпталушының нөмірін бұғаттаған, алайда қоңыраулар басқа нөмірлерден жалғасқан. Осыған байланысты ол екі рет ағаларынан SIM-картасын ауыстыруға көмектесуді сұраған.
Сот отырысында судья айыпталушының тергеу кезінде берген жауабын да оқыды. Онда 11 қаңтар күні оның Нұрайдың үйіне келіп, көліктің бардачогынан пышақ алып, қызды сауда орталығының маңында күткені айтылған.
«Неге екенін білмеймін, бірақ қобдишадан қара қаптағы пышақты алып, қалтама салдым. Нұрай шыққан кезде Президент саябағы жаққа баруды ұсындым. Ол кері бұрылып, үйіне қарай жүріп кетті. Мен “Күте тұр” дедім, бірақ ол тоқтамады», — деп оқыды төреші.
Оқылған жауапта бұдан кейін екі үйдің арасында айыпталушының пышақ шығарып, қызға бірнеше рет соққы жасағаны айтылған.
«Мен пышақты алып, оған соққы жасай бастадым. Одан кейін қалай болғаны есімде жоқ. Тек оны бірнеше рет ұрғаным есімде», — делінген іс материалдарында.
Төреші бұл жауаптардың айыпталушының соттағы сөздеріне қайшы келетінін атап өтті. Бұған дейін ол аффект жағдайында болғанын және шабуыл сәтін есінде сақтамағанын айтқан.
«Мұнда бәрін егжей-тегжейлі айтып отырсыз, ал кеше аффект жағдайында болдым, ештеңе есімде жоқ дедіңіз. Жауаптарыңыздың қайсысы дұрыс?» — деп сұрады төреші.
Айыпталушы алдымен мұны тергеуші жазғанын айтты. Кейін қазіргі соттағы жауабын дұрыс деп санайтынын жеткізді.
Алдыңғы сот отырысында айыпталушы Нұрайды ұрлау және қудалау бойынша айыптарды жоққа шығарған. Ол қызбен қарым-қатынаста болғанын, оған ұсыныс жасағанын, ал қайғылы оқиға болған күні сақинаны қайтарып, қоштасу үшін келгенін мәлімдеген.
Оның нұсқасы бойынша, Нұрай алдымен оны пышақпен ұрған, содан кейін ол аффект жағдайына түсіп, әрі қарай не болғанын есінде сақтамаған. Сондай-ақ Ш. А. 2019 жылдан бері бас жарақатынан кейін психикалық дертке шалдыққанын айтқан.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте болды. Тергеу мәліметінше, ер адам Нұрай Серікбайға ата-анасының үйінің маңында пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, күдікті екі күннен кейін ұсталды.
Бұған дейін іс бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Сараптама күдіктіні есі дұрыс деп таныды.
Сот процесі жалғасып жатыр.
Источник: Коллаж: NaizaNews.kz