Түркістан облысында бірқатар заңсыз қаржы және контрабандалық схемалардың жолы кесілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілді. Прокуратураның бастамасымен өткен жедел іс-шаралар нәтижесінде Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін контрабандалық жолмен жеткізген тұлғалардың заңсыз әрекеті тоқтатылды.
Ведомство мәліметінше, темекі өнімдері кейін Түркістан облысы мен еліміздің батыс өңірлерінде сатылған. Жедел іс-шаралар барысында жалпы құны 103 млн теңге болатын темекі өнімдері тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар шекара маңында жүк көлігі жүргізушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ анықталды.
Тергеу барысында заңсыз делдалдық қызметтен түскен қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына пара ретінде берілгені анықталды.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366 және 367-баптары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 адам анықталып, олардың бесеуі күзетпен ұсталуда.
Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті шамамен 200 млрд теңгені шетелге заңсыз шығару дерегін анықтады. Бас прокуратура мәліметінше, қаражат жалған кәсіпорындар арқылы алыс және жақын шетелдерге шығарылған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 235-1-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Дерек көзі: ЖИ көмегімен жасалған