Қазақстанда балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтауға және отбасыларды кешенді қолдауға бағытталған даму және ерте араласу орталықтарының желісі кеңейіп келеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Соңғы бір жылда елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды. Олар балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте диагностикалап, қажетті қолдау көрсетуге бағытталған.
Орталықтарда дәрігерлер, логопедтер, психологтер, реабилитологтер және өзге де мамандардан құралған мультидисциплинарлық топтар жұмыс істейді. Сонымен қатар ата-аналарға бала күтімі дағдылары үйретіліп, баланың дамуына қатысты кеңес беріліп, медициналық көмектің барлық кезеңінде сүйемелдеу көрсетіледі.
Елімізде туған сәттен бастап ерте жасқа дейінгі балаларды кешенді қолдауға арналған «Алғашқы 1001 күн» жобасы да жүзеге асырылуда. Жоба патронаж қызметін дамыту, скринингтік бағдарламаларды кеңейту, ана сүтімен қоректендіруді қолдау және ерте жастағы балалардың ұлттық тіркелімін қалыптастыруды қамтиды.
2025 жылдан бастап Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының GMCD балалардың дамуын мониторингілеу жөніндегі нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал балалардағы даму кідірісінің қаупін клиникалық белгілері пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, ерте араласу балалар мүгедектігінің қаупін азайтып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамға табысты бейімделуіне жағдай жасайды.
Источник: magnific.com