Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі елдегі газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізуге арналған кешенді Жол картасын әзірлеуге кірісті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген болатын. Президент Үкіметке елді газдандыру қарқынын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80%-ға жеткізуді тапсырды.
Қазіргі таңда Қазақстанды газдандыру азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерді дамытуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған 2035 жылға дейінгі Бас схема аясында жүзеге асырылып жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша газбен жабдықтау саласында іске асырылған 84 жоба нәтижесінде 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Осы кезеңде шамамен 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Соның нәтижесінде табиғи газға қол жеткізген тұрғындар саны 20,5 миллион халықтың 13,1 миллионына жетті.
2026 жылы газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру нәтижесінде тағы 36 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Министрліктің мәліметінше, әзірленіп жатқан Жол картасы елді газдандыруды жеделдетуге бағытталған негізгі стратегиялық құжат болады. Оны іске асыру табиғи газбен қамтылатын халықтың үлесін ұлғайтып, Мемлекет басшысы қойған міндеттің орындалуына, азаматтардың өмір сүру сапасының артуына және өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.
Источник: Magnific