Қазақстан делегациясы Әзербайжанның Баку қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (СВМДА) Жастар кеңесінің IX отырысына қатысты, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы отырыстың негізгі тақырыбы жастардың қалалардың тұрақты дамуына қосатын үлесі болды. Бағдарлама аясында делегация басшылары баяндама жасап, Жастар кеңесінің ұсынымдарын талқылады, сондай-ақ дебат шеберлігі бойынша білім беру сессияларына қатысты.
Келесі күні жасанды интеллект, білім беру және жастардың болашағына арналған халықаралық дебат турнирі өтті. Қазақстандық жастар халықаралық алаңда жоғары нәтиже көрсетіп, екі жүлделі орын иеленді.
Сонымен қатар, WRCC Open Category халықаралық робототехника байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар ауыл шаруашылығын дамытуға, минасыздандыру және қауіпсіздік технологияларына, сондай-ақ Каспий теңізі суы деңгейінің төмендеуіне қатысты инновациялық жобаларын таныстырды.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі