Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында жүзеге асырылған реформалардың қорытындысын шығарып, елдің одан әрі дамуындағы басым бағыттарды белгіледі, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы шамамен сегіз есеге өсіп, көлемі 3,7 трлн теңгеге жетті. Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңның арқасында мемлекетке 1 трлн теңгеден астам қаржы қайтарылып, оның жартысынан көбі 450 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысына бағытталды.
Президент әлеуметтік саладағы нәтижелерге де тоқталды. Соңғы үш жылда елде 584 мектеп пен шамамен 1300 медициналық нысан салынды. Орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Сонымен қатар 1,2 миллионнан астам мұғалімнің, дәрігердің және әлеуметтік қызметкердің жалақысы 50–100%-ға өсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың, лудоманиямен, есірткі қылмыстарымен, кибералаяқтықпен күрестің және халықтың шамадан тыс несие жүктемесін азайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды нығайту қажеттігін айтып, домбыра Қазақстанның танымал символдарының біріне айналуы тиіс екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Құрылтай сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы сайлау науқаны ашық, әділ әрі таза өтуі тиіс. Ал барлық реформалардың басты мақсаты – Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру.
Источник: Aqorda