Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында цифрлық мегаполистерді, инновациялық кластерлерді және жаңа индустрияларды дамыту Қазақстанды Еуразияның жоғары технологиялық әрі іскерлік хабына айналдыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, негізгі жобалардың бірі – «Деректер орталықтарының алқабы». Бұл мегажоба дата-орталықтарды дамытуға, ірі IT-компанияларды тартуға және елдің цифрлық егемендігін нығайтуға бағытталған.
Президент алдағы екі жылда әлемдік экономика күрделі кезеңге тап болуы мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты Үкіметке инфляцияны төмендету, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыру тапсырылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев XXI ғасырда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, адами капиталдың сапасымен айқындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік саланы дамытуға 19 трлн теңгеден астам қаржы бағытталады.
Бұдан бөлек, Президент цифрлық парламентті одан әрі дамыту, заң жобаларын цифрлық платформалар арқылы қоғамдық талқылауды кеңейту және заң шығару бастамасы құқығына ие болатын жаңа конституциялық орган – «Қазақстан Халық Кеңесін» құру жоспарланғанын хабарлады.
Дерек көзі: Aqorda