Астанада GovHR Forum 2026 халықаралық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды NaizaNews.kz. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі адам капиталы, қоғамдық құндылықтар және мемлекеттік басқаруды дамыту мәселелеріне арналды.
Форум мемлекеттік басқару саласының өкілдерін, HR мамандарын, IT сарапшыларын және халықаралық ұйымдардың қатысушыларын бір алаңға жинап, кадрлық үдерістерді жетілдіру мен заманауи технологияларды енгізудің жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді.
Форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Президент адам капиталын дамыту, меритократия қағидатын нығайту, кадрлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету, кәсіби әдеп пен адалдық мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік қызметтің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы айтып, конкурстық рәсімдердің толық цифрлық форматқа көшірілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде іріктеу мерзімі 23–30 жұмыс күнінен 5–7 жұмыс күніне дейін қысқарып, азаматтардың конкурсқа қатысу деңгейі бұрынғы жүйемен салыстырғанда 3,5 есеге артқан.
Ол сондай-ақ жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда «Б» корпусы қызметкерлерінің көлденең мансаптық өсуі, жалақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу және үш айдан астам бос тұрған лауазымдарға конкурсты автоматты түрде жариялау нормалары қарастырылғанын айтты.
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында елімізде Alem.cloud ұлттық суперкомпьютері мен 100-ден астам автоматтандырылған агенті бар мемлекеттік AI платформасы іске қосылды. Ал AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 52 мыңнан астам әкімшілік мемлекеттік қызметші оқытудан өтті.
Форум аясында HR үдерістерін цифрландыру, жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруға енгізу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқылануда. Іс-шараға 20 елден келген 50-ден астам сарапшы қатысып отыр.
Источник: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі