Қазақстанда отандық фармацевтика өндірісін дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынбақ, деп хабарлайды NaizaNews.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік «Steppe pharmaceuticals» ЖШС-мен Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жөнінде инвестициялық келісім жасаған.
Жобаға салынатын жеке инвестиция көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс алаңы жоғары технологиялық фармацевтикалық өнімдерді ел ішінде шығару бағытында жұмыс істейді.
Кәсіпорында 20 түрлі дәрілік препарат өндіру жоспарланған. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ иммунобиологиялық препараттар бар.
Жоспар бойынша кешен 2031 жылы іске қосылады. Ал өндірістің толық қуатқа шығуы 2032 жылға жоспарланған. Негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу 2034 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Сонымен қатар жоба аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту көзделген. Биоэквиваленттілік зерттеулерін жүргізу, тіркеу құжаттарын әзірлеу және GMP халықаралық стандарттарын енгізу де жоспарланып отыр.
Кешен базасында қазақстандық мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жүйесі іске қосылады.
Министрлік мәліметінше, жоба жүзеге асқан жағдайда Алматы облысында шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бұл бастама импортқа тәуелділікті азайтып, халықты маңызды дәрілік заттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда фармацевтика саласында сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соңғы екі жылда салада өндіріс көлемі тұрақты өсім көрсеткен. Өткен жылдың қорытындысында отандық фармацевтикалық өнім өндірісі 191,1 млрд теңгеге жеткен.
Салаға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 390 млрд теңгеден асқан. Жобалар Ресей, Қытай, Польша және басқа елдердің ірі фармацевтикалық компанияларымен әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр.
Источник: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі