Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өсімдіктер генетикасы мен геномикасы саласындағы америкалық ғалым Род Уингпен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында аграрлық ғылымды дамыту, селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кездесу барысында өсімдіктер геномикасын дамыту және климатқа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару мәселелері қозғалды.
Айдарбек Сапаров аграрлық ғылым азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспорттық әлеуетті арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Министр сапалы тұқым өнімділіктің 40%-ына дейін әсер ететінін айтып, 2024 жылы 2028 жылға дейінгі селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар бекітілгенін жеткізді.
Қазіргі уақытта 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандарын шығаруға бағытталған сегіз ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асырып жатыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 37 жаңа ауыл шаруашылығы дақылының сұрыпы шығарылып, мемлекеттік сынаққа жіберілген.
Министрлік мәліметінше, елде пайдаланылатын тұқымдардың 80%-дан астамы қазақстандық селекция жетістіктері болып саналады. Атап айтқанда, А.И. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталық әзірлеген «Астана», «Ақмола-2», «Шортандинская-95» және «Таймас» жаздық бидай сұрыптары жыл сайын 3,5 млн гектар алқапқа егіледі.
Бүгінде Қазақстанда селекциялық жұмыстармен 28 мекеме айналысады. Ғылыми қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында елдің солтүстігі мен оңтүстігінде ғылыми ұйымдардың консорциумдары құрылған.
Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, Халықаралық жүгері және бидайды жақсарту орталығымен (CIMMYT) бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Осы әріптестіктің нәтижесінде Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында «Айна» жаздық бидай сұрыпы шығарылған.
Род Уинг өз кезегінде қазақстандық аграрлық ғылымның әлеуетіне жоғары баға беріп, селекциялық процестерге заманауи геномдық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.
Айта кетейік, профессор Род Уинг өсімдіктер геномикасы саласындағы әлемге танымал ғалымдардың бірі. Қазіргі уақытта ол Kozybayev University жанындағы Агроқұзырет орталығының геномдық зерттеулеріне стратегиялық қолдау көрсетіп келеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі