Астанада ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының (Еуропа – Кавказ – Азия) XVIII жыл сайынғы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ТРАСЕКА Негізгі көпжақты келісіміне қатысушы мемлекеттердің делегациялары, ҮАК Тұрақты хатшылығының өкілдері, бақылаушы елдер, халықаралық ұйымдар мен серіктестер қатысуда.
Отырыс барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, өңір елдерінің транзиттік әлеуетін күшейту, жүк тасымалдарын цифрландыру және ТРАСЕКА кеңістігіндегі ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқылануда.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының көлік министрі Нұрлан Сауранбаев халықаралық көлік ынтымақтастығын дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және тасымал тиімділігін арттыру маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасы ТРАСЕКА кеңістігінде тұрақты, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті көлік бағыттарын дамытуға алдағы уақытта да белсенді түрде қолдау көрсетеді», — деді министр.
Сонымен қатар XVIII отырыстың күн тәртібіне халықаралық логистикалық тізбектерді жетілдіру, транзиттік-көліктік өзара іс-қимылды дамыту, бірқатар құжаттарға қол қою және ТРАСЕКА ҮАК Тұрақты хатшылығының Бас хатшысын сайлау мәселелері енгізілген.
ТРАСЕКА — Еуропа, Кавказ және Азия елдерін байланыстыратын маңызды халықаралық көлік дәліздерінің бірі. Бүгінде ұйымның Негізгі көпжақты келісіміне 14 мемлекет мүше.
Іс-шара аясында Иран Ислам Республикасы ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясындағы төрағалықты ресми түрде Қазақстан Республикасына тапсырды.
Қазақстанның ТРАСЕКА-ға төрағалық етуі халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге және Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтуға қосымша серпін береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі