Қазақстан Үкіметі Қарағанды облысында фармацевтикалық өндірісті салу және жаңғырту жобасын мақұлдады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі-не сілтеме жасап.
Инвестициялық келісім Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арасында жасалған. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобаға тартылатын жеке инвестициялардың жалпы көлемі 42,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс фармацевтика саласындағы ірі инвестициялық бастамалардың біріне айналмақ.
Кәсіпорында дәрілік заттардың 74 атауын өндіру жоспарланып отыр. Өнімдер қатарында онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық препараттар болады.
Сонымен қатар зауыт иммунобиологиялық препараттар шығарып, белсенді фармацевтикалық ингредиенттердің, биологиялық және биотехнологиялық өнімдердің өндірісін халықаралық стандарттарға сай жолға қояды.
Жобаны іске асыру еліміздің дәрілік қауіпсіздігін күшейтіп, Қарағандыда заманауи фармацевтикалық инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысында фармацевтика өнімдерінің өндіріс көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артқан.
Сондай-ақ салаға тартылған инвестициялар көлемі 91,3 млн доллардан 142,8 млн долларға дейін өсті. 2025 жылғы желтоқсаннан бері елімізде жалпы сомасы 360 млрд теңгені құрайтын жеті инвестициялық келісім жасалған.
Источник: Magnific.com