Түркістан облысы Қазығұрт ауылындағы Qazygurt командасы Грекияда өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық жарысқа 56 елден келген жас инженерлер қатысты. Қазақстандық оқушылар АҚШ, Жапония, Бразилия, Германия, Қытай, Испания және Түркия командаларымен бақ сынады.
Чемпионат қорытындысы бойынша қазақстандық команда Champions Award номинациясында II орынды жеңіп алды.
Команда құрамында Бауыржанқызы Арайлым, Абдрай Ернұр, Жаркинбек Інжу, Амангельдиев Абзал, Жетпіс Ерасыл, Өтепберген Нұрбек, Айбек Еркебұлан және Кенесов Диас өнер көрсетті. Олар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназияда, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде және А.С. Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алады.
Жетекшілері — Оразхан Бексұлтан, Тастан Ербол, Үстенов Нұрсұлтан, Нышан Қайыркен және Алимкулов Қуаныш.
Qazygurt командасы халықаралық чемпионатқа жолдаманы Alem Tech Fest байқауында жеңіп алған. Аталған жарыс USTEM Foundation және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен.
Команда халықаралық жарысқа бір жылға жуық дайындалып, нәтижесінде әлемдік деңгейдегі додада жоғары көрсеткіш көрсетті.
Источник: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі