Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысын өткізді. Кездесу барысында экономиканың түрлі салаларында AI технологияларын енгізудің негізгі бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Мемлекет басшысы әлем жаңа технологиялық кезеңге қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі өзгерістер ауқымы жағынан өткен индустриялық революциялардан да асып түседі.
Президент жасанды интеллекттің жаһандық экономиканың негізіне айналып келе жатқанын, ал үлкен деректердің стратегиялық ресурс ретінде маңызға ие екенін айтты.
Қазақстан үшін AI дамыту басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып, елді цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылған.
Тоқаев елімізде технологияларды дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті. Ендігі басты міндет — технологиялық сақтық қағидатын сақтай отырып, жасанды интеллектті барлық салаларға енгізу.
Источник: Aqorda