ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Азия даму банкінің бас директоры Евгений Жуковпен кездесу өткізді. Тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Келіссөздер қорытындысы бойынша наурыз айында 2026–2029 жылдары әртүрлі секторларда жалпы құны шамамен 5,4 млрд долларды құрайтын 15 жобаны іске асыруды көздейтін меморандумға қол қойылды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыты ретінде жылу энергетикасын жаңғырту белгіленді. Оның ішінде ЖЭО-ларды, қазандықтарды және жылу желілерін жаңарту, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру қарастырылған.
Сонымен қатар электр желілерін дамыту, Smart Grid технологияларын енгізу және ЖЭК үлесінің артуы аясында энергия жинақтау жүйелерін енгізу жобалары талқыланды.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі