Қазақстанда жанармай нарығындағы жағдай тұрақты күйде сақталуда, деп хабарлайды NAIZA NEWS ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мұнай өнімдерінің өндірісі 3,7 млн тоннаны құрады.
Өндірістің негізгі үлесін әлеуметтік маңызы бар отын түрлері құрайды: 1,6 млн тонна бензин және шамамен 1,5 млн тонна дизель отыны өндірілген. Жылдық жоспар 15,4 млн тонна деңгейінде белгіленген.
Ведомство мәліметінше, жанар-жағармай қоры жеткілікті деңгейде қалыптастырылған, бұл ішкі нарықты үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының өнімділігін ұлғайту жоспарланған.
Бұған қоса жылына 10 млн тоннаға дейін өнім өндіретін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жедел іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл елдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
Дерек көзі: Freepik