Қазақстанда медициналық ұйымдар, персонал және жабдықтар туралы деректерді біріктіретін жаңғыртылған Денсаулық сақтау ресурстарын басқару жүйесі (ДСР) іске қосылды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Жүйе 21 мыңнан астам медициналық ұйымды қамтып, лицензиялар, қызметкерлер және материалдық база туралы ақпаратты біріктіретін цифрлық профильдер қалыптастырады. Бұл «факт бойынша» тексеруден тұрақты мониторингке және тәуекелдерді ерте анықтауға көшуге мүмкіндік береді.
ДСР деректеріне сәйкес, мерзімі өткен сертификаттары бар 6 мыңнан астам қызметкер және жүктеменің шекті деңгейден асқан 4 мыңнан астам жағдай анықталған. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі қалалық медициналық ұйымдарда тіркелген.
Жүйенің аналитикасы кадрлық саясатты жоспарлауға, гранттарды бөлуге және денсаулық сақтау жүйесін басқарудың тиімділігін арттыруға қолданылады.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі