Мәслихат депутаттарының форумында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы сын-қатерлерге қарамастан тұрақты экономикалық өсімді сақтап, негізгі салаларды жүйелі түрде жаңғыртып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ көлемі 306 млрд долларды құрады, ал биыл халықаралық институттардың болжамы бойынша 320 млрд долларға жетуі мүмкін.
Президент сөзінде бұл тек сандық өсім ғана емес, экономиканың сапалық тұрғыдан өзгеруі екенін атап өтті. Елде жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық негіз қалыптасып келеді.
«Біз елдің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық қаңқасын қалыптастыра бастадық. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны қатарынан екі жыл бойы 6 пайыздан асып, өңірлеріміздің сенімді экономикалық негізін қалыптастырып отыр. Тек өткен жылдың өзінде бүкіл ел бойынша жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын 190 жаңа өндіріс іске қосылып, 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды».
Тоқаев агроөнеркәсіптік секторға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл салада 7,4 млн азаматтың тұрмыс деңгейі тікелей байланысты. Мемлекет алғаш рет фермерлерді жеңілдетілген несиелеуге 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлді, сондай-ақ салада ірі инвесторлардың қатысуымен жаңа өндірістер іске қосылып жатыр.
«Біз өндіріс көлемін жай ғана арттыруды емес, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, өнімін шетелдік нарықтарға тұрақты түрде шығара алатын заманауи, технологиялық аграрлық-индустриялық экономиканы қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз».
Президент су шаруашылығы, энергетика, жолдар мен теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, елде су саласында жүздеген жоба іске асырылып жатыр, жылу электр орталықтары, электр станциялары, қосалқы станциялар мен электр желілері жөнделіп, жаңалары салынуда. Сонымен қатар теміржолдар, вокзалдар және жергілікті жолдар да белсенді түрде жаңартылып жатыр.
Әлеуметтік саланы Тоқаев мемлекет саясатының басты басымдығы деп атады. Қазіргі таңда бюджеттің 50 пайыздан астамы осы бағытқа жұмсалады. Президент тегін білім беру, өмір сүру ұзақтығының артуы, ана мен сәби өлімінің төмендеуі, отбасыларды қолдау, медициналық нысандар салу және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы еске салды.
«Мемлекет азаматтардың әлеуеті прогрестің басты қозғаушы күшіне айналатын осы және басқа да салаларды жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл — біздің түбегейлі таңдауымыз. Өйткені жаңа дәуірде тек өз азаматтарының болашағына инвестиция салатын мемлекеттер ғана табысқа жетеді».
Дерек көзі: Aqorda