Қазақстанда балаларды қорғау, қауіпсіздігі мен қолдау жүйесін күшейтуге бағытталған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы (2026–2030 жылдарға арналған) іске асырылуда. Құжат отбасыларды сүйемелдеудің жаңа тетіктерін енгізуді, цифрлық құралдарды дамытуды және профилактикалық шараларды кеңейтуді көздейді.
Салалық ведомстволардың мәліметінше, соңғы он жылда жетім балаларға арналған ұйымдардағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайған, ал интернат мекемелерінің желісі 24%-ға қысқарған. Тек 2025 жылдың өзінде шамамен үш мың жетім бала отбасыларға орналастырылды.
Елде шамамен 6,2 млн отбасы бар, олардың 3 млн-ға жуығы бала тәрбиелеп отыр. Отбасыларды қолдау мақсатында республика бойынша 131 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Жаңа шаралардың қатарында некеге дейінгі кеңес беру жүйесін дамыту, ata.ana.kz платформасында жауапты ата-ана болу жөніндегі интерактивті курстарды іске қосу және «Ата-аналар академиясы» жобасын кеңейту бар.
Тұжырымдама мектептердегі қауіпсіздікті арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын енгізуді де қарастырады. Бейнеаналитика жүйесінің пилоттық нұсқалары бірқатар білім беру ұйымдарында, соның ішінде Астанадағы №107 мектепте орнатылған. Қазіргі таңда мұндай шешімдер 46 мектеп пен 8 балабақшада қолданылуда.
Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Елдің әр өңірінде балалар «бір терезе» қағидаты бойынша психологиялық қолдаудан бастап сот-медициналық сараптамаға дейін кешенді көмек ала алатын арнайы қолдау кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ерекше назарды қажет ететін балалар үшін мектептерде мұғалімдер, психологтар және ата-аналардың қатысуымен жеке педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізілмек.
Әлеуметтік қолдауды цифрландыру аясында mGov платформасында «Бала жолы» жүйесін іске қосу жоспарланған. Ол мемлекеттік қолдаудың барлық түрлерін бірыңғай есепке алып, балаларды ведомствоаралық деңгейде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Источник: Freepik