Ғылым мен өндірісті интеграциялау: ҒЖБМ мен «ҚазМұнайГаз» ынтымақтастықтың жаңа форматтарын қалыптастыруда

Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
- Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесті. Тараптар ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту, ҒЗТКЖ тетіктерін жетілдіру, дуальды оқыту және мұнай-газ саласына мамандар даярлау мәселелерін талқылады.
-
- «Бүгінде біз ғылым, жасанды интеллект пен өндіріс бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істейтін жаңа өндірістік логиканы қалыптастырып жатырмыз. Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл процеске нақты өндірістік алаңдарда тағылымдамадан өтіп, қолданбалы инженерлік міндеттерді шешіп жүрген студенттердің тартылуы аса маңызды. Бұл — салаға тек теориялық біліммен емес, ел экономикасына дайын шешімдермен келетін жаңа буын мамандарын қалыптастыру», — деді Саясат Нұрбек.
-
- Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаздың» геология, кен орындарын игеру және мұнай-газ химиясы салаларын қамтитын 80 ғылыми тақырыпты біріктіретін ҒЗТКЖ Жол картасын іске асырып жатқанын айтты. Компания 35 жоғары оқу орнымен ынтымақтасып, әзірлемелерді өндіріске енгізуді мақсат етеді.
-
- Кездесу барысында компанияның цифрлық шешімдері таныстырылды, олардың қатарында ABAI зияткерлік кен орны платформасы, TUMAR өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесі және отын теңгерімін болжауға арналған KMG.AIAN талдамалық құралы бар.
-
- Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ҒЗТКЖ, цифрландыру және нысаналы кадр даярлау бағыттары бойынша бірлескен жұмыс топтарын құруға уағдаласты.