Қазақстан мен Эстония агроөнеркәсіптік саладағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
- Қазақстан делегациясы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының жетекшілігімен Эстонияға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына өңірлік әкімдіктердің өкілдері, аграрлық сектор мен экспортқа бағытталған компаниялар кірді. Сапар Мемлекет басшысының сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.
-
- Іссапар барысында қазақстандық тарап Эстонияның порттық инфрақұрылымымен, соның ішінде Таллин, Силламяэ және Мууга порттарымен, сондай-ақ астық терминалдарымен танысты. Балтық бағытын қазақстандық астық пен майлы дақылдарды Солтүстік Еуропаға, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға экспорттаудың негізгі маршруттарының бірі ретінде пайдалану мәселелері талқыланды. 2025 жылы Балтық елдерінің порттары арқылы астық экспорты 6 еседен астам өсіп, 802 мың тоннаға жеткені атап өтілді.
-
- Логистика мәселелеріне, ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға және тұрақты экспорттық тізбектер қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша келіссөздер өтті: генетика және селекция саласында тәжірибе алмасу, ветеринариялық технологияларды дамыту және Қазақстанға асыл тұқымды мал импорттау мүмкіндіктері қарастырылды.
-
- Тараптар серіктестікті одан әрі кеңейтуге, логистикалық дәліздерді дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға және Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделілігін растады.