2025 жылы Қытайға экспортталған жемдік ұн көлемі 2,6 млн тоннадан асты

Дерек көзі: Freepik
- Азық-түлік корпорациясының қолдауымен Қытайға жемдік ұн тиеген контейнерлік пойыз жөнелтілді. Партия көлемі 12,3 мың тоннаны құрады. Өнім жеткізуші — «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС, импорттаушы — Shandong Hi-speed Qilu International Land Port Development Co. Ltd.
-
- Жөнелту Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясының Бейжіңге сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында жүзеге асырылуда. 2025 жылғы қазанда Азық-түлік корпорациясы Shandong Hi-speed Qilu компаниясымен астық, жемдік және майлы дақылдарды экспорттау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Шарт бойынша жоспарланған 35,4 мың тонна жемдік ұнның 22,9 мың тоннасы жеткізіліп үлгерді.
-
- Соңғы жылдары Қытай нарығында қазақстандық өндірістегі жемдік ұнға тұрақты сұраныс қалыптасқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 2,6 млн тоннадан асып, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты.
-
- Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға ілгерілетуге Азық-түлік корпорациясының қолдау шаралары ықпал етуде. 2024 жылдан бастап экспорттық партияларды шоғырландыру бағдарламасы іске асырылып, ірі көлемдегі жеткізілімдерді қалыптастыруға және тиімді логистиканы жолға қоюға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы екі жылда аграршылар шетелдік сатып алушыларға өсімдік шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде астық, майлы дақылдар, күнбағыс майы мен жемдік ұнды шамамен 58 млн АҚШ доллары көлемінде экспорттады.