Қазақстанда шетелге жылдам жұмысқа орналастыруға уәде беретін күмәнді хабарландырулар жиі тарала бастаған. Мұндай ұсыныстар негізінен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Көші-қон комитетінің мәліметінше, осындай хабарландырулардың көпшілігін Қазақстанда ресми тіркелмеген, заң талаптарын сақтамай жұмыс істейтін шетелдік делдалдар мен күмәнді ұйымдар таратады.
Ведомство тексерілмеген делдалдарға жүгіну азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына әкелуі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар шетелге жұмыс істеуге барған адамдар тиісті құқықтық кепілдіктерсіз қалып, түрлі қиындықтарға тап болуы ықтимал.
Мұндай жағдайларда азаматтардың құқықтарын қорғау да күрделене түседі. Өйткені алаяқтық әрекеттерді ұйымдастырушылар көбіне Қазақстан аумағынан тыс жерде болады.
Осыған байланысты Көші-қон комитеті тұрғындарды интернеттегі кездейсоқ жұмыс ұсыныстарына сенбеуге және күмәнді делдалдарға ақша аудармауға шақырды.
Шетелде қауіпсіз жұмыс істеу үшін ресми аккредиттелген операторлардың қызметіне жүгінген жөн. Сондай-ақ жұмысқа орналасар алдында делдал ұйымның заңды қызмет атқаратынын, қажетті рұқсат құжаттарының барын және ұсынылған еңбек жағдайларын мұқият тексеру қажет.
Источник: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі