Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдап, ішкі саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде президенттік бастамаларды ілгерілету, соның ішінде бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған міндеттерді іске асыру мәселелері қаралды.
Ерлан Қарин конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу барысы жөнінде мәлімет берді.
Бұдан бөлек, вице-президент этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету және мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырма берді. Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыс пен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуы қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, жауапкершілік, адал еңбек пен бірлік елдің дамуы үшін аса маңызды. Ол азаматтардың ортақ жасампаз мақсаттар жолында жұмылуын Қазақстанның қарқынды дамуының басты алғышарттарының бірі ретінде атады.
Источник: Ақорда