20 қазаннан бастап Қазақстандағы сауда желілерінде әрбір тауар санаты мен кіші санаты бойынша отандық өнімнің міндетті үлесін қамтамасыз етуге қатысты жаңа талаптар қолданыла бастайды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, қабылданған шаралар қазақстандық өндірушілердің ішкі нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған.
«20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санатында отандық тауарлардың міндетті үлесінің болуы жөніндегі жаңа талаптар күшіне енеді. Сауда желілерімен қазақстандық өнімді ілгерілету бойынша 72 меморандум жасалды», — деді министр.
Отырыста 2026 жылдың тоғыз айындағы сауда нәтижелері де жарияланды. Осы кезеңде елдегі сауда көлемі 61 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16%-ға өскен.
Оның 40,7 трлн теңгесі көтерме саудаға, ал 20,5 трлн теңгесі бөлшек саудаға тиесілі.
Сауда айналымының 70%-дан астамы бес өңірге шоғырланған. Олар — Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстары.
Айналымның елеулі бөлігін жоғары деңгейде өңделген тауарлар құрайды. Олардың қатарында автомобильдер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, азық-түлік және құрылыс материалдары бар.
Сонымен бірге жыл басынан бері елімізде «Дала дәмі» ортақ брендімен 5,6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуын жеделдету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ішкі нарықтың мүмкіндіктерін ескергенде, өндіріс көлемін арттыру мен экономикалық өсімге қол жеткізу экспорттың ұлғаюына да байланысты.
Осыған орай Үкімет басшысы отандық тауарларды шетелде ілгерілету, жаңа өткізу нарықтарын игеру және экспорттық жеткізілімдердің географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Источник: gov.kz