Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды есепке алғанда, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 миллионға жетті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның айтуынша, елдегі кәсіпкерлік саласы ішкі және сыртқы экономикалық өзгерістерге қарамастан оң даму қарқынын сақтап отыр.
Жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін және қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлер саны 28%-ға артқан.
Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуына да жағдай жасалуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимде 981 мың адам тіркелген. Олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрған.
2026 жылдың тоғыз айында елімізде 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның 34,7 мыңы заңды тұлға, ал 242,3 мыңы жеке кәсіпкер.
Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған. Алайда Серік Жұманғарин жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің толық аяқталғанын білдірмейтінін түсіндірді.
«Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8%-ы өз қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен», — деп атап өтті вице-премьер.
Источник: kaztag.kz