Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге Бельгиямен мәдени-гуманитарлық бағытта қол жеткізілген уағдаластықтар жөнінде мәлімдеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөз барысында екі мемлекеттің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасындағы байланысты нығайту мәселесі қозғалды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады.
«Елдеріміздің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті екенімізді растадық. Джеймс Энсордың танымал туындыларын Қазақстанның Ұлттық музейінде таныстырған бельгиялық серіктестерімізге алғысым шексіз. Сондай-ақ Almaty Museum of Arts пен KANAL-Centre Pompidou арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуді қолдаймын. Ол Бельгияның шығармашылық әлеуетін және мәдени саланы дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Аталған бастамалар Бельгияның бай көркем мұрасымен танысуға, халықтарымыздың бір-бірімен жақын араласуына жол ашады. Қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату жөніндегі келісімге өзгерістер енгізудің арқасында барыс-келісімізді біршама жеңілдетуге қол жеткіздік. Бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме ортақ міндеттерге сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады. Әңгіме барысында халықаралық құқық нормаларын сақтау, көпжақты ынтымақтастықты нығайту және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мәселелеріне назар аударылды.
«Қазақстан мен Бельгия халықаралық құқық нормаларын сақтауға, көпжақты ықпалдастықты нығайтуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге бейіл. Жаһандық ахуал құбылып тұрған қазіргі кезде диалог, өзара сенім мен жауапты дипломатия ерекше өзекті. Жуырда менің Брюссельге сапарым аясында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екенін растадық. Ол арнайы келісімде бекітілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы бельгиялық тарапқа көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірді. Ол Брюссельдің Гран-Плас орталық алаңында, қалалық ратуша ғимаратының алдында Қазақстанның Мемлекеттік Туы алғаш рет көтеріліп жатқанын атап өтті.
«Бельгияның «L’union fait la force» деген ұлттық ұраны қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілімен мағыналас. Біздің достығымыз осы ортақ құндылықтарға негізделген. Аталған мемлекеттік сапар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын ілгерілетуде бетбұрысты сәт болатынына сенімдімін. Қазақстан халқы Сіздің мейірімді, бекзат әрі парасатты болмысыңызды әрдайым құрмет тұтады», – деді Президент.
Источник: Ақорда