Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильдамен шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы бельгиялық монархтардың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашады.
«Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі ретінде атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар мен тұрақты саяси диалогтың маңызына назар аударды.
«Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет. Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске аламын. Биыл маусым айында Бельгияға барған сапарымда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растадық», – деді Мемлекет басшысы.
Источник: Ақорда