Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының президенті Тимур Турловты қабылдады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің әлемдік аренадағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтың ел үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, шахмат спорттың бір түрі ғана емес, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ететін маңызды құрал.
Президент қазақстандық шахмат мектебінің соңғы жылдары тұрақты дамып келе жатқанына да назар аударды. Қазір елімізде шахматпен 278 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады.
Мемлекет басшысы Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген Қазақстанның әйелдер құрамасының жетістігін де атап өтті.
Кездесу барысында Тоқаев Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған бірқатар басым міндетті белгіледі. Олардың қатарында ұлттық құрамалардың дайындығын күшейту, жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты ілгерілету және өңірлердегі шахмат инфрақұрылымын дамыту бар.
Президент сондай-ақ ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Бұл қазақстандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруды, бірлескен білім беру жобаларын іске асыруды және Қазақстанда ірі халықаралық шахмат жарыстарын өткізуді қамтиды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловқа жаңа қызметінде табыс тіледі.
FIDE басшысы Қазақстан Президентіне шахматты дамытуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, шахматты әлемде кеңінен насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және ұлттық федерациялардың қатысуымен жаңа жобаларды іске асыру жоспарлары туралы мәлімет берді.
Источник: Ақорда