Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты «Алтын қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Өз кезегінде Оман Сұлтаны Қазақстан Президентіне Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы — Әл Саид орденін табыстады.
Марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанының сапары тарихи сипатқа ие екенін атап өтіп, оның екіжақты байланыстарға жаңа серпін беретінін айтты. Бұл Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары.
«Оман – Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі. Ынтымақтастығымыз отыз жылдан бері өзара сенім, түсіністік пен қолдау рухында өрбіп келеді. Бүгін Сізбен Астана төрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды елеулі тарихи деңгейге көтергелі жатырмыз. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Сондықтан мұны елімізге көрсеткен ерекше сый-құрметіңіз, сондай-ақ қос тараптың сауда-саттық пен өзара мүддеге сай келетін барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдіретін нышан деп білемін. Дәстүрлі мұнай мен газ секторын немесе көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды, сонымен қатар сауда байланыстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жолға қою мүмкіндіктері жөнінде өзара ақпарат алмасуды осындай маңызды салалардың қатарына жатқызуға болады. Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз. Біз де еліңіздің сенімді әріптесі болуға барынша күш саламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан жеке үлесіне де тоқталды. Президент Оманның даму бағыты мен Oman Vision 2040 бағдарламасын атап өтті.
«Аса Мәртебелі Сұлтан, Сіз айтулы мемлекет қайраткерісіз. Ел басқару ісіндегі көреген ұстанымыңыз бен ұзақ жылдардан бері халқыңызға жасап келе жатқан қалтқысыз қызметіңіз зор құрметке лайық. Қазақстан халқы Сізді ерекше қадірлейді, сонымен қатар Оманды серіктес қана емес, достас әрі бауырлас ел деп атай алатынын мақтан тұтады. Сіздер стратегиялық мақсат қою арқылы мемлекетті гүлдендіріп, дамудың даңғыл жолына түсіруге болатынын дәлелдедіңіздер. Оны адам капиталына инвестиция құю, инновацияларды игеру және келешекке бағдарланған экономика құру қадамдарынан байқауға болады. Oman Vision 2040 бағдарламасы ұлттық болмыс-бітімді, елдің құндылықтары мен дәстүрлерін сақтай отырып, әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және орнықты экономика қалыптастыру жолындағы стратегиялық бағдарыңыздың дұрыс екенін көрсетеді. Көшелі көшбасшы, бейбітшілік сақшысы әрі парасатты тұлға ретінде Сіз дүние жүзіндегі көптеген жанды, танымал саясаткерлерді тәнті етіп келесіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы — Әл Саид орденімен марапаттады.
Источник: Ақорда