Жыл соңына дейін Қазақстанның он өңірінде жаңа цифрлық форматтағы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.
Цифрлық кеңселерде азаматтар мемлекеттік қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған арнайы терминалдар арқылы өз бетінше ала алады. Қажет болған жағдайда консультанттың көмегіне жүгінуге мүмкіндік бар.
Жаслан Мадиевтің айтуынша, қазір төрт өңірде бес цифрлық кеңсе жұмыс істеп тұр. Тағы он өңірде қаржыландыру мәселесі шешілген. Енді бұл аймақтар жыл соңына дейін ғимараттарды дайындап, жаңа кеңселерді ашуы тиіс.
Цифрлық ХҚКО-лар Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Жетісу облысында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында ашылады.
Тағы алты өңірге жұмысты жеделдету, қаржыландыруды қамтамасыз ету және нақты ашылу мерзімдерін белгілеу тапсырылды. Олардың қатарында Абай, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары бар.
Министр мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізіне айналған QazTech платформасының дамуына да тоқталды. Биыл көшіру жоспарланған цифрлық жүйелердің 92%-ы бірыңғай платформаға ауыстырылған. QazTech мемлекеттік сервистер мен деректерді бір цифрлық ортаға біріктіреді.
Жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін өңдеу кезінде де қолданылып жатыр. e-Otinish жүйесінде оның көмегімен 3,2 миллионнан астам өтініш өңделген.
Қазір eGov GPT арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың санын ең көп сұранысқа ие 150 қызметке дейін жеткізу жоспарланған. Бұл қызметтер жалпы трафиктің шамамен 80%-ын құрайды.
2028 жылға қарай жасанды интеллект қолданылатын мемлекеттік қызметтердің үлесін 40%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал 2029 жылға қарай мемлекеттік қызмет алу уақытын екі есе қысқарту жоспарланған.
Источник: Жасанды интеллект