Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Әуежайда мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бұдан кейін екі ел басшысы әуежайдың қарсы алу залында қысқаша әңгімелесті.
Қазақстан Президенті Оман Сұлтанының сапарын құптап, оның екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оманның экономикалық дамуда елеулі жетістіктерге жеткеніне, сондай-ақ халықаралық деңгейде бітімгерлік бағытында белсенді әрі сындарлы рөл атқаратынына назар аударды.
Мемлекет басшысы Оманның өз өңірінде ғана емес, одан тыс жерлерде де беделге ие екенін айтты. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Оман арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор және оны толық әрі тиімді пайдалану қажет.
Хайсам бен Тариқ Әл Саид жылы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Ол алдағы келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі өтетініне сенім білдірді.
Мемлекеттік сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қояды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид қазақ-оман бизнес-форумының жұмысына қатысады.
Источник: Ақорда