Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы қорытындылары туралы баяндамаларды тыңдады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерудің негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.
Президентке ұсынылған мәлімет бойынша, Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғалар Қарулы күштерде қордаланған бірқатар жүйелі мәселені көрсеткен. Тергеудің алдын ала нәтижелері әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі кемшіліктер болғанын және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау қамтамасыз етілмегенін көрсетеді.
Тексерудің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Олар мемлекеттік мүлікті ықтимал жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және Қорғаныс министрлігінің ұйымдары мен бөлімшелеріндегі басқа да ықтимал заңбұзушылықтарға қатысты.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын зерделеу барысында оқу-жаттығуларды дайындау мен жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында елеулі кемшіліктер анықталған.
Командалық құрамның ықтимал қылмыстық салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.
Тексеру кезінде әскери қызметшілерге қатысты жарғыдан тыс қарым-қатынас пен күш қолданудың жекелеген фактілері де анықталған. Бұл деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Алғашқы кадрлық шешімдер де қабылданды. Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің қазасына кінәлі екені заңда белгіленген тәртіппен дәлелденген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуға тиіс екенін атап өтті. Бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында.
Кешенді тексеру нәтижелері Қарулы күштерді реформалау жоспарын әзірлеу кезінде ескеріледі. Сонымен қатар тексерудің объективті жүргізіліп, армияның жауынгерлік әзірлігіне кері әсер етпеуі тапсырылды.
Источник: Ақорда