Қазақстаннан Өзбекстан бағытына шығатын теміржолдың өткізу қабілетін тәулігіне 60 пойызға дейін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Өзбекстан бағытында Сарыағаш және Оазис станцияларының өткізу қабілеті ұлғайтылған.
Келесі кезең Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысын аяқтап, Сырдария станциясын ашумен байланысты. Осы жұмыстардан кейін бағыттың өткізу қабілеті тәулігіне 60 пойызға дейін жетуі тиіс.
Сонымен қатар басқа экспорттық бағыттардағы инфрақұрылым да жаңартылып жатыр. Қытай бағытында Достық – Мойынты учаскесінде екінші жол салынып, Алтынкөл станциясы мен Алтынкөл – Жетіген учаскесі жаңғыртылғаннан кейін өткізу қабілеті тәулігіне 75 пойызға дейін артқан.
Үкіметтің мәліметінше, теміржол инфрақұрылымын дамыту негізгі экспорттық бағыттар бойынша тасымал көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Источник: «ҚТЖ» баспасөз қызметі