Каспий теңізінің акваториясындағы іздестіру-құтқару операциясы бұған дейін жоғалған екі әскери қызметші табылғаннан кейін аяқталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 25 қыркүйек күні шамамен сағат 09:15-те үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында сержант Гумаров Мансур мен матрос Турдыбекулы Мирас табылды.
Нақтыланған мәлімет бойынша, оқиға кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Үшеуі құтқарылды, 14 әскери қызметші қаза тапты. Олардың екеуі 25 қыркүйек таңына дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған. Олар табылғаннан кейін іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.
Ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарына 252 адам, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ төрт тікұшақты қоса алғанда 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған.
Операция кезінде мамандар Каспий акваториясын, жағалау аймағын және оған іргелес аумақтарды су, құрлық және әуе арқылы үздіксіз тексерді.
Источник: ҚР Қорғаныс министрлігі