Қазақстанда алғашқы жүргізушісіз таксилерді 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы 22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz.
Іске қосу мерзімі туралы мәселені Премьер-министр Олжас Бектенов көтерді. Талқылау барысында пилоттық жобаның Астана, Алматы және Қосшы қалаларын қамтып отырғаны айтылды. Сонымен қатар автономды көліктердің жұмысына қажетті нормативтік-құқықтық база пысықталуда.
Алматыда алғашқы жүргізушісіз автокөлік сынақтан өтіп жатыр. Yandex Qazaqstan бас директоры Тимур Шалекеновтің айтуынша, қазір көлік қажетті деректерді жинап, карталарды қалыптастыруда.
Алғашқы коммерциялық сапарларға көшпес бұрын автокөлік тестілік режимде бірнеше мың шақырым жүруі тиіс. Бұл кезең тәжірибе жинақтауға және жүргізушісіз көлікті одан әрі пайдалануға қажетті деректерді дайындауға мүмкіндік береді.
Источник: Жасанды интеллект