eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Заң мен тәртіп» сервисі ауқымды жаңартылды. Енді ол құқық қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтерді, цифрлық сервистер мен ақпараттық материалдарды біріктіретін бірыңғай цифрлық витрина ретінде ұсынылады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Целиноград ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңартылған бөлімде «102» сервисі қолжетімді. Ол арқылы полицияға жүгініп, оқиға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да жағдайлар туралы хабарлауға болады. Сондай-ақ мұнда дербес деректердің таралып кету фактілерін тексеруге арналған Nomad Guard, тауарлардың таңбалануын тексеруге арналған Naqty Onim, қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту және басқа да цифрлық сервистер бар.
Сонымен қатар пайдаланушылар соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама ала алады, шетелге шығуға тыйым салынғанын тексере алады, адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәліметтерді ала алады, әкімшілік айыппұлдарды іздеп, төлей алады.
Жеке бөлімде ҚР Бас прокуратурасының ақпараттық материалдары мен цифрлық сервистері ұсынылған. Мұнда құқықтық статистикаға қатысты материалдар, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу сервисі және құқық бұзушылық туралы арыздың тіркелгенін тексеруге арналған құрал бар.
«Заң мен тәртіп» сервисі 2025 жылғы маусымда іске қосылды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, содан бері сервис шамамен 1,4 млн рет пайдаланылған.
Жаңарту ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Бас прокуратурасының бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.
Источник: Жасанды интеллект