Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шараларды іске асырып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері комитет қызметкерлері полиция органдарымен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен еліміздің бірқатар өңірінде 24 қылмыстық топ мүшелерінің әрекетін тоқтатты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, бопсалау, адам ұрлау, қаруды заңсыз сақтау және басқа да ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 169-дан астам адам ұсталды. Олардың арасында қылмыстық топ жетекшілері де бар.
Сондай-ақ заңсыз табыс көздері анықталып, жойылды. Олар шекара маңындағы, өнеркәсіп және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырумен байланысты болған.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Источник: Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті