Қазақстанда учаскелік дәрігердің қабылдауын күтудің орташа мерзімі 5–7 күннен 1–3 күнге дейін қысқарды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. Бұл өзгерістер медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар аясында енгізілді.
Негізгі өзгерістердің бірі — дәрігер қабылдауына өз бетінше жазылу мүмкіндігінің кеңеюі. Бұған дейін қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ашылса, қазір қабылдауға 60 күнге дейін алдын ала жазылуға болады. Жалпы практика дәрігерлеріне өз бетінше жазылу үлесі 20%-дан 72,5%-ға дейін, ал бейінді мамандарға жазылу үлесі 4%-дан 66,1%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ учаскелік дәрігерлердің пациенттерді қабылдауға арналған жұмыс уақыты күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұлғайтылды.
Соңғы екі жылда емханаларда 680 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылды. Мұнда денсаулық жағдайы кенеттен нашарлаған, бірақ өміріне тікелей қауіп төнбеген пациенттер жүгіне алады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдайларға дене қызуының жоғарылауы, артериялық қысымның көтерілуі, созылмалы аурулардың асқынуы, қатты ауырсыну, құсу, диарея және жеңіл жарақаттар жатады.
Сонымен қатар белгіленген көрсетілімдер бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 995 мобильдік бригада құрылды. Ал өмірге қауіп төндіретін жағдайларда жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгіну қажет.
Емханаларда мейіргердің өз бетінше қабылдауын дамыту жұмыстары да жүргізілуде. Өз өкілеттіктері шегінде мейіргерлер жекелеген медициналық рәсімдерді орындайды, медициналық құжаттарды ресімдейді және созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылауға қатысады. Нәтижесінде халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтерімен қамту деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін өсті.
Медициналық қызметтерді цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Рецепттер мен уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары электрондық форматқа көшіріліп, медициналық анықтамалардың 13 түрі цифрландырылды. Сонымен бірге жоспарлы емдеуге жатқызу алдында жүргізілген кейбір тексеру нәтижелерінің жарамдылық мерзімі қайта қаралды: жекелеген зерттеулер бойынша 10 күннен 12 күнге дейін, ал кейбіреулері бойынша бір айдан үш айға дейін ұзартылды.
Источник: Magnific.com