Қазақстандық мамандар Тәжікстандағы екі күндік жұмыс барысында 100-ден астам консультация өткізіп, шамамен 10 хирургиялық араласу жасады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері Душанбе қаласында «Қазақстан медицинасының күндері» аясында жұмыс істеді. Негізгі бағыттар омыртқа хирургиясы, табан және тобық буыны ортопедиясы, сондай-ақ артроскопия болды.
Күрделі операциялардың бірі бел омыртқасының дегенеративті стенозы бар пациентке жасалды. Мұрат Байдарбеков пен Сейдалы Абдалиев екі деңгейде нерв құрылымдарына декомпрессия жасап, транспедикулярлық жүйе мен омыртқааралық кейдждер орнатты. Сколиоз диагнозы қойылған 13 жастағы тағы бір пациентке омыртқаның күрделі деформациясын түзету операциясы жасалды.
Қазақстандық мамандар табан және тобық буынына да операциялар жүргізді. Қайрат Тәжин III дәрежелі жарақаттан кейінгі артрозы және табанының айқын деформациясы бар 24 жастағы пациентке операция жасады. Тобық буыны тұрақсыздығы бар тағы бір пациентке Уотсон әдісі бойынша пластикалық операция жасалды.
Нұржан Асанов тізе буынына екі аз инвазивті артроскопиялық операция жасап, медиальды менискіге тігіс салды және капсулалық-байламдық аппаратқа пластика жүргізді.
Медициналық көмек көрсетумен қатар, қазақстандық және тәжікстандық дәрігерлер тәжірибе алмасып, күрделі клиникалық жағдайлар мен заманауи емдеу тәсілдерін бірге талқылады. Делегация жұмысының қорытындысында екі ел мамандары травматология және ортопедия қызметін дамыту, заманауи емдеу әдістері мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелерін талқылайды.
Источник: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі