Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде жаңа міндетті оқу курстары енгізіледі, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. Өзгерістер 5–11-сынып оқушыларын қамтиды.
5–7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Курс оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және Конституция негіздерімен таныстыруға бағытталған.
8–11-сынып оқушылары «Заң және тәртіп» міндетті оқу курсын оқиды. Тағы бір міндетті курс — «Жеке қауіпсіздік» 5–11-сынып оқушылары үшін енгізіледі. Ол балалардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына бағытталған.
Өзгерістер «Құқық негіздері» пәніне де қатысты. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген курс енді барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады. Оның мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес жаңартылды.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі үлгілік оқу жоспарларының құрылымын оңтайландырды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.
Бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері де өзгерді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, күнделікті қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде қолдана алады.
Жаңа оқу жылының тағы бір бағыты — орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атаулары өзгертілді.
Дерек көзі: Magnific.com