Қазақстанда мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллектінің дамуын ескере отырып жаңартылып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. ЖИ оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқу бағдарламаларына енгізіледі.
1–4-сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп аталса, 5–11-сыныптарда «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгереді. Жалпы пәндер мазмұнына ЖИ-ге қатысты 43 оқу мақсаты енгізілген.
1–4-сынып оқушылары үшін «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі аясында 17 оқу мақсаты қарастырылған. Балалар жасанды интеллектімен күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы танысады. Сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін үйренеді.
5–9-сыныптар үшін 14 оқу мақсаты қарастырылған. Оқушылар жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, оларды оқу барысында қолдануды үйренеді. Бағдарламаға сұраныстарды дұрыс құрастыру, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалау, киберқауіпсіздік және академиялық адалдық қағидаттары да енгізіледі.
10–11-сынып оқушылары үшін «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясында тағы 12 оқу мақсаты қарастырылған. Жоғары сынып оқушылары ЖИ-дің жұмыс істеу қағидаттары мен оны тәжірибеде қолдану жолдарын зерттейді. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері кіреді.
Осылайша, жасанды интеллект жеке мектеп пәні ретінде енгізілмейді, ол қолданыстағы пәндердің мазмұнына кіріктіріледі. Жаңартудың негізгі мақсаты — оқушыларды заманауи технологияларды пайдаланып қана қоймай, оларды саналы, тиімді және жауапкершілікпен қолдануға үйрету.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекіту кезеңінде.
Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.
Источник: ҚР Оқу-ағарту министрлігі