Астанадағы № 5 «Ақбота» балабақшасында «Ақылды кітапхана: ЖИ және АРТ әлемі» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап. Бастама мектеп жасына дейінгі балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи технологиялардың көмегімен олардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Жобаның басты ерекшелігі — кітапты, жасанды интеллектіні және арт-терапияны біртұтас білім беру жүйесіне біріктіру. Осы мақсатта балабақшада арнайы «Ақылды кітапхана» кеңістігі құрылып, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған электронды интерактивті платформа әзірленген.
Кітаппен жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен бала ертегімен танысады: шығарманы тәрбиеші оқиды немесе оны жасанды интеллект көмегімен тыңдауға болады. Одан кейін ертегі кейіпкері баламен виртуалды түрде сөйлеседі. Балалар кейіпкерге сұрақ қойып, оның іс-әрекетіне баға беріп, оқиға желісі туралы өз ойларымен бөлісе алады.
Ертегімен танысқаннан кейін балаларға оның сюжетіне негізделген квест-тапсырмалар ұсынылады. Олар сұрақтарға жауап береді, оқиғалардың ретін анықтайды, кейіпкерлерге көмектесіп, дұрыс шешімдерді іздейді. Мұндай формат зейінді, есте сақтауды, логикалық ойлауды және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Келесі кезең арт-терапияға арналған. Бала шығармадан алған әсерін сурет және басқа да шығармашылық тапсырмалар арқылы жеткізе алады. Мысалы, сүйікті кейіпкерін немесе ертегідегі көріністі бейнелеп, оқиғаның өзіндік жалғасын ұсына алады.
Жобада ұлттық мазмұнға да ерекше көңіл бөлінген. Платформада қазақ ертегілері мен ұлттық кейіпкерлер қолданылады. Кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау арқылы балалар адамгершілік құндылықтармен танысып, жақсылық пен жамандықты, адалдық пен әділетсіздікті, батылдық пен қорқақтықты ажыратуды үйренеді.
Бұл ретте жасанды интеллект кітапты алмастырмайды. Жоба аясында ол баланың шығармаға қызығушылығын арттырып, кітап оқуға тартуға көмектесетін қосымша құрал ретінде пайдаланылады. Жобаның негізгі өзегі — кітап.
Электронды платформаны телефон, планшет, компьютер, интерактивті панель және смарт-теледидар арқылы пайдалануға болады. Сондықтан балалар онымен балабақшада ғана емес, үйде ата-аналарымен бірге де жұмыс істей алады. Алдағы уақытта платформаны жаңа ертегілермен, кейіпкерлермен және танымдық тапсырмалармен толықтыру жоспарланып отыр.
Источник: Астана қаласының әкімдігі