Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақты өзіне сенімді, жігерлі және кез келген қиындықты еңсеруге дайын азамат етіп тәрбиелеудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, өз күшіне сенбеу, жасықтық пен үнемі күйзеліске түсу адамның алға жылжуына кедергі болады. Сондықтан жастарды теріс түсініктерден қорғауда оқу-ағарту саласына үлкен жауапкершілік жүктеледі.
«Ұлы Абай «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.
Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние.
Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі.
Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев сондай-ақ елдің алға жылжуы білімді, жаңашыл, отаншыл және еңбекқор азаматтарға байланысты екенін атап өтті.
«Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін.
Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды», — деді Президент.
Источник: Aqorda