Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева 10-21 қараша аралығында Будапештте өтетін Total Chess World Championship Tour пилоттық турниріне қатысады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Халықаралық шахмат федерациясына (ФИДЕ) сілтеме жасап.
Жаңа чемпионатты Norway Chess әзірлеп, ФИДЕ мақұлдаған. Оның ерекшелігі — шахматтың үш форматын: Fast Classic, рапид және блицті бір жарыс аясында біріктіру. Пилоттық турнир 2027 жылы толыққанды чемпионат басталғанға дейін формат пен ережелерді сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
Жарысқа барлығы 24 шахматшы қатысады. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар 18 қатысушының есімін растады. Бибисара Асаубаева мен әлемдік рейтинг көшбасшысы Магнус Карлсеннен бөлек, тізімге Фабиано Каруана, Винсент Каймер, Уэсли Со, Аниш Гири, Нодирбек Абдусатторов, Арджун Эригайси, Алиреза Фирузджа, Рамешбабу Прагнанандха, Ян-Кшиштоф Дуда, Рихард Раппорт, Ханс Ниманн, Ян Непомнящий, Максим Вашье-Лаграв, Гайк Мартиросян, Владислав Артемьев және Рамешбабу Вайшали енді.
Қалған алты қатысушыны ұйымдастырушылар кейінірек жариялайды.
Шахматшылар уақыт бақылауы әртүрлі үш дисциплинада сынға түседі. Fast Classic форматында әр ойыншыға 45 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд, рапидте 15 минут және әр жүріске қосымша 10 секунд, ал блицте 3 минут және әр жүріске қосымша 2 секунд беріледі.
Будапешттегі пилоттық турнир 2027 жылдың наурызында басталатын толыққанды Total Chess World Championship Tour алдындағы дайындық кезеңі болады. Жаңа чемпионат шахматшылардың үш форматтағы нәтижелерін біріктіріп, әртүрлі уақыт бақылауында жоғары нәтиже көрсете алатын ойыншыны анықтауға бағытталған.
Толыққанды чемпионат қорытындысы бойынша FIDE World Combined Champion — ФИДЕ-нің біріккен әлем чемпионы атағының иегері анықталады.
Источник: sports.kz