Қазақстан құрамасы Ташкентте аяқталған IOI 2026 Халықаралық информатика олимпиадасында бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Олимпиадаға әлемнің 92 елінен 375 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдегер атанды.
Қазақстандықтар арасында ең жоғары нәтижені Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Максим Цой көрсетті. Ол алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке есепте бесінші орынға ие болды. Осылайша Максим Цой әлемнің үздік жас бағдарламашыларының ТОП-5 қатарына енді.
Қазақстан құрамасының тағы үш мүшесі күміс медаль иеленді. Олар — Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Алдияр Сейтбай, Қызылорда облысындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансур Мамадахунов және Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS мектебінің 12-сынып оқушысы Асқар Әкежан.
Қазақстан құрамасын Astana IT University бас жаттықтырушысы Сатылханов Темирлан және International University of Information Technology синьор-лекторы Куанышбай Айбар дайындады.
IOI 2026 қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік командалық есепте 10-орынға ие болды. Былтыр қазақстандық оқушылар үш күміс және бір қола медаль жеңіп алып, 14-орынға орналасқан еді. Осылайша биыл Қазақстан құрамасы өз нәтижесін төрт сатыға жақсартты.
Қазақстан Халықаралық информатика олимпиадасына қатыса бастағаннан бері отандық оқушылар барлығы 79 медаль жеңіп алды.
Источник: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі