Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іс-шараларын іске асыруды жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Премьер-Министрдің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Үкімет отырысында ол іс-шараларды уақытылы орындау үшін қолда бар барлық ресурсты жұмылдырып, 2027 жылға көзделген жобаларға дайындықты қазірден бастау қажет екенін атап өтті.
Олжас Бектеновтің айтуынша, инвестициялық жобаларды іске асыру қаржы институттары тарапынан қаражаттың уақытылы бөлінуіне тікелей байланысты. «Бәйтерек» холдингіне биылғы 1 қыркүйекке дейін жыл соңына дейін мәлімделген барлық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Өңір әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша ұлттық жобаның электрондық платформасына тиісті өтінімдер жіберіп, оларды мүдделі тараптармен келісуді қамтамасыз ету тапсырылды. Барлық конкурстық рәсімдер биылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.
Премьер-министр отандық тауар өндірушілерді қолдаудың маңыздылығына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұлттық жобаны іске асырудағы басым бағыттардың бірі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне екі апта ішінде ұлттық жоба аясында сұранысқа ие Сәулет-қала құрылысы және құрылыс каталогінің кодтарымен Тауар өндірушілер тізілімін толықтыру тапсырылды.
Сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін ведомство мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жаңа өндірістер құру және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту бойынша әлеуетті офтейк-келісімшарттарды бекіту жұмыстарын жеделдетуі тиіс. Өнеркәсіп министрлігіне осы мәселелер бойынша бақылау мен үйлестіруді күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар Олжас Бектенов энергетика және коммуналдық секторларға цифрлық құралдарды енгізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шешімдер бизнес-процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Энергетика министрліктеріне Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Биылғы 1 қыркүйекке дейін тұтынушылар топтары бойынша сараланған коммуналдық ресурстарды есепке алу құралдары мен бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандарттар бекітілуі тиіс.
Премьер-министр әрбір басшы ұлттық жобаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және барлық іс-шараның уақытылы іске асырылуына дербес жауапты екенін атап өтті.
Источник: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы