Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры енді өзінің негізін қалаушы, көрнекті хореограф Болат Аюхановтың есімімен аталады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданды.
Болат Аюханов Қазақстандағы камералық балет өнерінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан тұлға. Ол 1967 жылы «Алматының жас балетін» құрды. Бұл елдегі осы форматтағы алғашқы өнер ұжымдарының бірі болды.
Кейін театр Қазақстанда ғана емес, шетелде де танылды. Ұжым Кеңес Одағы республикаларында, Еуропа мен Скандинавия елдерінде өнер көрсетті.
Театр ондаған жыл бойы Болат Аюханов қалыптастырған шығармашылық дәстүрді жалғастырып келеді. Оның қойылымдары отандық хореография өнерінің алтын қорына енді. Сонымен қатар ол бірнеше буын әртістерінің кәсіби қалыптасуына ықпал етті.
Театрға Болат Аюхановтың есімін беру 60-шы театр маусымының ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. 2027 жылы ұжымның құрылғанына 60 жыл толады.
Мерейтой қарсаңында театр негізін қалаушының шығармашылық мұрасын сақтап, классикалық, ұлттық, неоклассикалық және заманауи хореография бағыттарын дамытуды жалғастыруда.
Источник: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі