Тараз қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Геннадий Иванович Ивановтың 100 жасқа толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Майдангерді мерейтойымен құттықтауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Тараз қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері, сондай-ақ ардагердің туған-туыстары, жақындары мен достары жиналды.
Геннадий Иванович қонақтарды өзі қарсы алып, жылы лебіздер үшін алғысын білдірді. Әскери қызметшілер үшін бұл кездесу өмірі ерлікке, төзімділікке және Отанға адал қызмет етуге үлгі болған ардагерге құрмет көрсетудің ерекше сәті болды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан жолданған құттықтау хат оқылды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақытжан Қырғызалиев Геннадий Ивановичке майдандағы ерлігі, Отан алдындағы көпжылдық қызметі және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Геннадий Ивановичтің майдан жолы 17 жасында басталған. Соғыс жылдарында ол Берлинге дейін жетіп, Жеңістен кейін де әскери қызметін жалғастырды. Ардагер өмірінің 20 жылға жуық уақытын Қарулы күштер қатарына арнаған.
Өз кезегінде Геннадий Иванович келген қонақтарға көрсетілген құрмет пен жылы тілектер үшін ризашылығын жеткізді. Ол әскери қызметшілермен жүздесу әрдайым ерекше әсер сыйлайтынын, өйткені әскери бауырластық оның өмірінің ажырамас бөлігі болып қалғанын атап өтті.
Бүгінде Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының үш ардагері ғана тұрады. Қарулы күштердің әскери қызметшілері оларды үнемі назарда ұстап, қамқорлық көрсетіп келеді. Жеңісті жақындатқан аға буынның өмір жолы қазіргі Отан қорғаушылар үшін отансүйгіштік пен адамгершіліктің үлгісі болып қала береді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі