Қазақстанда жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне енді. Құжаттар нақты секторды қолдауға, салық жүктемесін әділ бөлуге және салық жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Үкіметтің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Трансферттерді есептемегендегі республикалық бюджет кірістері 8,5 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,6%-ға орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,6%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге артық. ҚҚС түсімдерінің артуы кіріс базасының нығаюына ықпал етті, ал ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мың субъектіге жетті. Осы үрдісті жалғастыру үшін 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бекітілді.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды. Банктер үшін ол 25%-ға дейін көтерілсе, аграрлық секторға 3% мөлшеріндегі жеңілдетілген мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Сонымен бірге дәрілік заттарға, оқу әдебиеттеріне және баспасөз өнімдеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК болып белгіленді.
Реформа аясында жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізілді. Енді жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен немесе 36,7 млн теңгеден асатын бөлігіне ғана 15% мөлшерлемемен салық салынады. Қалған азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі өзгеріссіз сақталады.
Сонымен қатар БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктер үшін көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50%-ға төмендетілді. І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім көлемі 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Үкіметтің мәліметінше, салықтық әкімшілендіру сервистік модельге көшуде. Соның нәтижесінде салықтар мен алымдардың саны 20%-ға, ал салықтық есептілік нысандарының саны 30%-ға қысқартылды. Реформаны іске асыру үшін 239 нормативтік құқықтық акт қабылданып, Жобалық офис инфрақұрылымы құрылды.
Источник: Magnific.com